«Зенит» зауытының алғашқы тарихы Ленинград қаласынан бастау алады. Сонау 1931 жылдың қазан айында талантты ұйымдастырушы әрі өнертапқыш Владимир Иванович Бекауридің басшылық етуімен «К.Е. Ворошилов атындағы машина жасау зауыты (№231 зауыт)» деп аталған әскери техниканы жасақтау бойынша Ерекше техникалық бюроның («ОСТЕХБЮРО») тәжірибелік-эксперименталды зауыты іске қосылған зауыттарың қатарына енді. Зауыт «ОСТЕХБЮРО» құрамына кіретін «Двигатель» зауытының негізінде құрылып, 1931 жылдан бастап іс жүзінде онымен бір өндірістік алаңқайда орналасқан болатын. 231-ші зауыт радио арқылы басқарылатын миналар, торпедаларға арналған құрылғылар және авиация үшін әр түрлі құралдар мен жабдықтарды шығаруға мамандырылды.
Соғыстың бірінші жылы қыркүйек айында Ленинградтың қоршалуына байланысты К.Е. Ворошилов атындағы №231 зауыт Орал қаласына көшірілді. Адамдар мен 194 бірлік жабдықтары орналастырылған 35 вагоннан тұратын алғашқы эшелон қоршауда қалған Ленинградтан Орал қаласына 1941 жылдың 10 қыркүйегінде келіп жетті. Бұл К.Е. Ворошилов атындағы зауыттан келген алғашқы және жалғыз эшелон болатын. Шамамен сонымен бір уақытта Ленинградтан құрал-жабдықтарымен бірге №181 «Двигатель» және «Компрессор» зауыттарының жұмысшылары мен мамандары келіп түсті.
Тап келесі күні 1941 жылдың 11 қыркүйегінде партияның облыстық комитеті мен Орал облыстық атқару комитеті «№231 зауытты орналастыру туралы» бірлескен шешім қабылдады. 1941 жылдың 11 қыркүйегін зауыттықтар зауыттың екінші Отанында – Жайық өңіріндегі туған күні деп есептейді.
Шамамен, осы уақытта 1941 жылдың қыркүйек айында Большой Токмак қаласынан С.М. Киров атындағы №175 зауыттың жеке жабдықтары және адамдарымен эшелондар келіп жетті. Сәл кешігірек 1941 жылдың желтоқсанынан бастап және 1942 жылдың ішінде Каспийск қаласындағы №182 торпеда зауытынан да эшелондар келді.
1941 жылдың қыркүйегінен желтоқсанына дейін Орал қаласына Ленинград, Большой Токмак, Каспийск және Феодосия қалаларынан отбасы мүшелерімен бірге мамандар, барлығы 1000-ға жуық адам, және де бірегей жабдықтар жеткізілді. Мамандар мен жұмысшылардың негізгі бөлігі ленинградтық №181 «Двигатель» зауытынан көшіріліп, Орал қаласына 1942 жылдың тамызына шейін де келіп жатты.
Бастапқыда К.Е. Ворошилов атындағы зауыт бір-бірінен алшақ тұрған екі алаңда – қала ішінде қазіргі зауыт аумағындағы автобасқарманың гаражы мен шеберханаларында, және де қаладан 12 км қашықтағы В.И. Чапаев атындағы бөгеудегі кеме жөндейтін шеберханаларда орналастырылған болатын.
Қала тұрғындары көшірілгендерді қабылдап, оларға 220 бөлме – 110 қала ішінен, қалғандарын Бөгеуден бөліп берді. Бір адамға ауданы екі шаршы метрге де жетпейтін орын бұйырды.
Осылайша К.Е. Ворошилов атындағы зауыттың Орал өңіріндегі тарихы Ұлы Отан соғысы еңбек майданының ауыр күндерінен бастау алады.
К.Е. Ворошилов атындағы №231 зауыттың Орал қаласындағы бірінші директоры Михаил Борисович Розенштейн болды. Оның алдына зауытты басынан бастап тұрғызу және Орал қаласындағы өндірісті жолға қоюдың қиын міндеті қойылды. Бірақ бұл лауазымда ол ұзақ тұрған жоқ. 1942 жылдың тамыз айында М.Б. Розенштейн С.М. Киров атындағы зауытты (қазіргі «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ) ұйымдастыру үшін Орал қаласынан Алматыға іс сапармен жіберілді. Зауыт іске лезде қосылды, өйткені өнімді тезірек шығарып майданға жөнелту қажет болды. Негізінен көшірілген кәсіпорындардың білікті жұмысшылары еңбек етті, бірақ жұмыс қолы жеткіліксіз болды. Жұмысшыларды жинау басталды. 1941-1942 жылдары зауытқа белсенді түрде оралдықтар – негізінен әйелдер мен көбіне 15 жасқа толмаған мектеп оқушылары келіп жатты. Себебі еңбекке жарамды ер адамдар мен әйел адамдардың көбі майданға кеткен болатын. Алғашқы станоктарды қойғаннан кейін-ақ жас балдар мен қыздарды ленинградтық жұмысшыларға көмекші ретінде қойып, олар бір айдан кейін станоктарда өз бетінше жұмыс істей бастады. Қалада жұмыс кадрларының жетіспеушілігіне байланысты зауыт жаңынан фабрикалық-зауыттық оқыту бойынша кәсіптік училище ашылып, онда қала мектептерінің 8-9 сынып оқушылары жұмысшы мамандықтары бойынша оқытылды.
Ленинградтық мамандардың жоғары біліктілігі, барлық ұжымның жанкешті еңбегі арқасында, демалыс күндерісіз тәулігіне 12-16 сағаттан жұмыс істеу нәтижесінде 1941 жылдың 8 қазанында-ақ майданға алғашқы қару-жарақ партиясы жөнелтілді. Бұл шынымен де зауыттықтардың еңбек ерлігі болды, өйткені Оралға алғашқы эшелон келген күннен не бары бір айға жетпейтін ғана уақыт өкен еді.
Іс жүзінде көшірілген ленинградтық мамандармен бірге келген конструкторлардың бір тобы Орал өңіріне келген алғашқы күнінен бастап зауытта сол кездегі жаңашыл қару түрі – із қалдырмайтын ЭТ-80 электр торпедасын – жасақтаумен айналысты. Бұл топты талантты инженер, су асты қару-жарағы саласындағы конструктор, торпедалар өнертапқышы Николай Николаевич Шамарин басқарды. 1942 жылдың сәуір айында аталған торпеданы жасау мен шығару жұмыстарын жеделдету үшін №181 «Двигатель» зауытының механикалық жинақтау цехының бастығы Петр Александрович Атоянның басшылық етуімен қоршауда қалған Ленинградтан «өмір жолы» арқылы арнайы көшірілген мамандар тобы жанұяларымен бірге зауытқа келіп түсті. 1942 жылдың шілде-тамыз айларында электр топедасының алғашқы үлгісі жасалып сынақтан өтті. 1943 жылдың басында Солтүстік флотқа осы торпедалардың алғашқы партиясы жөнелтілді, ал соғыс жылдары ішінде зауыт барлығы ЭТ-80 торпедасының 303 данасын жөнелткен болатын. Торпеданы жасақтағандардың негізгілері – бас конструктор Н.Н. Шамарин, конструкторлар В.Д. Горбунов пен Г.И. Жигарь 1943 жылдың наурыз айында Мемлекеттік премияның (Сталин атындағы премияның) 1-дәрежелі лауреаты атақтарымен марапатталып, ал 40 зауыттық мемлекеттік наградаға ұсынылды.
Соғыс жылдары жаудың 1000-нан астам кемесі торпедалар арқылы жойылды. Олардың қатарында №231 зауыт шығарған торпедалармен жойылған кемелер де болды. Мәлім болғандай, фашистік флоттың аса үлкен «Вильгельм Густлов» лайнері мен «Генерал фон Штойбен» қосалқы крейсері зауыт торпедаларымен суға батырылды. Әйгілі ЭТ-80 торпедасының біреуі Ленинградтық Әскери-теңіз мұражайы залына қойылды.
Севастополь панорамасының ашық алаңында Ұлы Отан соғысының ең маңызды қару-жарақ үлгілерінің арасында контактты гальваносоққылы М-08 минасы да қойылған. Бұл минаны зауыт авиациялық зеңбіректерге және миналардың басқа да түрлеріне қажетті 20-миллиметрлік снарядтармен қатар 1942 жылдан бастап шығара бастады. Соғыс жылдарының ішінде К.Е. Ворошилов атындағы зауыт флот кемелеріне 4000 мыңға жуық әр типті миналарды жеткізген болатын. Миналы бөгеттерде қарсыластың 213 кемесі, соның ішінде 103 ұрыс кемесі жарылған болатын. Іс жүзінде жаудың әрбір 20-шы кемесі біздің зауытта шығарылған минада жарылған.
Торпедалар мен миналардан басқа соғыс жылдары зауыт майдан үшін кеме компрессорларын, жарғыштарды, фосфорлы-кальцийлі патрондарды, индукциялы соққы аспаптарын, «Обри» аспаптарын, авиациялық снарядтарды, ВЕХ детальдарын және жалпы тізімі 16 атаудан тұратын басқа да қажетті жабдықтарды да шығарған. Тек қана 1941 жылдың аяғына дейін майданға 28,5 мың әр түрлі жарғыштар, 4000 фосфорлы-кальцийлі патрондар, бірнеше мың авиациялық аспаптар жөнелтілді.
Алматыға ауысқан М.Б. Розенштейннің орнына К.Е. Ворошилов атындағы зауыт директоры лауазымына Запорожье облысындағы Большой Токмак қаласындағы С.М. Киров атындағы №175 торпедалық зауыттың директоры болған Компанец Феодосий Данилович қойылды. 1943 жылы ол өз зауытына қайтып оралған болатын.
1943 жылы зауыт ұжымы Қазақ КСР-ның және де басқа одақтық республикалардың еңбеккерлері тәрізді ұрыс даласындағы және де еңбектегі жетістіктерге рухтанып, танк колонналары, авиациялық эскадрильялар, артиллериялық батареяларды жасауға қаражат жинау бойынша бүкілхалықтық қозғалысқа қосылып кетті. Бұл мақсатта зауыттықтар сұм жаудың талқаналуын жақындату үшін, өз жағдайы мен әл-ауқатын ойламай, өздерінің азғантай табысының көп бөлігін жіберіп жатты. 1943 жылдың сәуір айында зауыттың жаса жұмысшылары Орал қаласының жастарымен бірге «Қазақстан комсомолы» атты авиациялық эскадрильяның жасалуына 102 500 рубль жинап берді. Жұмысшылар, мамандар мен қызметкерлер өзінің бір айлық және екі айлық табысы мөлшеріндегі қаражатты «Батыс Қазақстан» танк колоннасына тапсырып, сонымен бірге мемлекеттік займдарға да жазылып қойды. 379 000 рубль жиналып, бұл туралы Мемлекеттік Қорғаныс комитетіне жеделхат арқылы хабарланды. Жауап ретінде зауыттықтар комитет төрағасы И.В.Сталиннің алғыс сөзі жазылған жеделхат алды, қазір ол зауыт мұражайында сақталып тұр.
Зауыт майданға тек қару және ақшамен ғана көмектесіп қойған жоқ. Ұлы Отан соғысы майдандарында талай зауыттықтар қан кешті. Олардың сұрапыл шайқастағы батылдығы және ерлігі жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды. Ұлы Отан соғысының ұрыс даласынан 68 зауыттық оралған жоқ, олардың есімдері зауыттағы Даңқ және Еске алу обелискісінде мәңгілікке сақталып, олардың құрметіне мәңгілік алау жағылады.
Зауыттықтардың соғыс жылдарындағы аяусыз еңбегі, еңбек ерлігі мен ұлтжандылығының нәтижесі – олардың Ұлы Жеңіске қосқан қомақты үлесінің бағалануы еді. 1985 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 40-жылдығына орай зауыт Қазақстан кәсіпорындарының арасынан жалғыз өзі Ұлы Отан соғысының 1-дәрежелі орденімен марапатталды.
Соғыстан кейінгі алғашқы жылдары зауыт аумағы біріктіріліп, Чапаев бөгеуіндегі цехтар біртіндеп қала ішіндегі бірыңғай өндірістік алаңқайға көшірілді.
Көшіру процессін 1944 жылы зауыт директоры болып тағайындалған Иван Дмитриевич Яблоков басқарды. Оның басқару кезеңі соғыстың соңғы жылы мен соғыстан күйреген халық шаруашылығын қалпына келтіру басталған уақытқа тап келді, яғни тура П.А. Атоянның 1947 жылы 18 қазанда К.Е. Ворошилов атындағы зауыттың директоры болып тағайындалуына дейін.
Біртіндеп зауыттың жаңа корпустары салынып, бұрынғылары қалпына келтіріліп, Орал станциясынан бастап зауытқа дейін темір жол торабы тартылды, инженерлік жүйелер мен коммуникациялар жүргізілді, автокөліктер мен тартқыштар пайда болды, алғашқы көп пәтерлі екі және үш қабатты тұрғын үйлер салынып, әлеуметтік инфрақұрылым кеңейе бастады. Кейіннен 1950 жылдардың ортасында зауыт силикат кірпішін шығаруды игерген соң одан да биік үйлер және қаладағы ең бірінші тоғыз қабатты тұрғын үйлер салынып, балабақшалар мен бөбекжайлар тұрғызылды, қамқорлыққа алынған №3 мектеп пен кітапхана бой көтерді. Одан соң «халықтық құрылыс» әдісімен 10 мың көрермен сыйып кететін, қазіргі кезде П.А. Атоянның есімі берілген, үлкен стадион, кең форматты «Аврора» кинотеатры, №3 мектептің спорт залы, зауыттық тир және де спорт залдары мен көрермен залы бар мәдениет пен техника сарайы, және оған іргелес жүзу бассейні салынды. Осының барлығы және де емхана, аурухана, жатақханасы бар техникалық училище кешені, тек зауытты ғана емес, бүкіл зауыт маңындағы үйлерді жылумен қамтамасыз еткен табиғи газбен істейтін ірі қазандық, және т.б. көптеген объектілер зауыттың инфрақұрылымына кірді. Соғыстан кейінгі жылдары зауыт қарапайым шеберханалардан бірнеше мың адамнан тұратын ұжымы бар заманауи ірі өндіріс орнына айналып, шынымен де қала түзуші кәсіпорын болды.
Сонау 1947 жылы мемлекет П.А. Атоянға №231 зауытты басқаруды сеніп тапсырғанан бастап ол өмір бойы зауытқа және зауыт ұжымына шынайы беріліп адал болып келді. Пётр Александрович Атоян зауыт директоры лауазымында 42 жыл қызмет атқарып, К.Е. Ворошилов атындағы зауытта барлығы 56 жыл жұмыс істеді, ал оның жалпы еңбек өтілі 63 жыл құрады. Жарты ғасырдан астам уақыт П.А. Атоян зауыт жұмысшыларының қатарында болып, күн мен түн демей еңбек етіп, жеке уақытын аямастан, өзінің күш-қуаты мен нысаналығын, ұйымдастырушы дарыны мен берекелі шаруагер, жаңашыл ретіндегі мол тәжірибесін зауыттың қалыптасуы мен дамуына жұмсап, соның нәтижесінде барлық зауыттықтардың, Орал қаласы мен өңір тұрғындарының және де Кеме жасау министрлігіне қарасты үлкен өнеркәсіптік корпустың зор құрметіне бөленіп іскерлік беделге ие болды.
П.А. Атоян екі Ленин орденімен, екі Қазан төңкерісі орденімен, екі «Құрмет белгісі» орденімен, 2-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, 12 медальмен, оның ішінде «Ленинградты қорғау үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін», «Ерең еңбегі үшін» медальдарымен марапатталды. Ол – Орал қаласының құрметті азаматы. П.А. Атоянға «Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген өнеркәсіпкері» атағы берілді. ОЛ Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің бес Құрмет грамотасымен, «КСРО-ның дене шынықтыру және спорт үздігі», «КСРО Азаматтық қорғаныс үздігі», «Қазақ КСР-ның халық ағартуының үздігі» белгілерімен және т.б. марапатталды.
1989 жылы Пётр Александрович Атоянның орнына өз еңбек жолын зауытта қосалқы жұмысшыдан бастап, кейін инженер-конструктор, бас конструктор болған, жас зауыттықтар буынының қайратты әрі бастамашыл өкілі Валиев Вячеслав Хамзиевич келді. Ол осы лауазымға тағайындалып қоймай, еңбек ұжымымен баламалы құпия демократиялық сайлау арқылы таңдалып алынған зауыт тарихындағы алғашқы директор болды.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қалыпты тұрмыс салты, өмірдің өзі, қалыптасқан механизмдер үдемелі түрде танымастай болып өзгеріп шықты. Бірқатар органдар мен ұйымдар таратылса, басқалары жаңадан құрылып жатты. Заңдар да өзгеріп, олардың ішінде қарама-қайшылықтар мен ағаттықтар көбейе түсті. Ақша өзгерді, қарқындап инфляция өсті. Жоспарлы шаруашылық пен мемлекеттік жоспарлау номенклатурасы жойылды. Кеңес Одағы кезінде одақтық Үкіметтің зауытқа өндірістік қуаттар мен әлеуметтік-экономикалық құрылымды өрістету мен ұстап тұру үшін жасаған ассигнациялауы тоқтатылды. Жылдар бойы қалыптасқан шаруашылық байланыстар үзілді. Қоғаныс өнеркәсібі конверсияға ұшырап, өндірісті азаматтық өнім шығаруға бейімдеу, бәсекелестермен «жаға тартыса» отырып жаңа тапсырыстар іздестіру қажет болды. Нарықты жаулап алу бойынша қиян-кескі күрес жүріп жатты. Алдағы келешек тұманды болды.
Зауыт басшылығы өндіріс қуатын толықтай игеріп, ұжымды жұмыспен қамтып, тығырықтай болып көрінген жағдайдан шығу үшін өндірістік мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануға тырысты. «Аласапыран 90-шы жылдардың» қиындыққа толы кезеңінде жұмысшыларды қысқарту, пайдаланбай тұрған объектілерді сату, зауытқа ауыртпалық болған әлеуметтік инфрақұрылымнан құтылу сияқты күрделі шешімдер қабылдай отырып, барлық мүмкін шараларды қолдануға тура келді.
Қиын жағдайда зауыт тұрақтап қалмай, жұмысын бір күнге де тоқтатпай, негізгі құралдар мен материалды құндылықтарды сол уақытқа тән болған тонауды болдырмай, өндірістік және кадрлық әлеуетін сақтап қалды.
Конверсия жағдайында зауытта қысқа мерзімнің ішінде азаматтық өнімнің 60-тан астам жаңа түрлерін шығару ұйымдастырылды. Бірақ бұл да жеткіліксіз болды, оған қоса зауыт басынан бастап дара және аз сериялы өнім шығаруға арналған ғылымды қажет ететін өндіріс ретінде қалыптастырылған болатын.
Кәсіпорын бірегей зауыттық жабдықтары, кәсіпорынның техникалық тұрғыдан күрделі өнімді шығару мүмкіндіктері де, жоғары санатты жұмысшылары, негізінен әйгілі әрі беделді ленинградтық «корабелкадан» білім алған білікті мамандары да, зауыттықтардың арнайы теңіз техникасын жасаудағы жұмыс тәжірибесі де пайдаға асатын саланы іздестіруге тырысты. Осылайша зауытта кеме жасау идеясы пайда болып, ол Елбасының және республика Үкіметінің қолдауымен 1993 жылы Қазақстанның кеме жасау бағдарламасына айналды, ал зауыт республиканың әлеуетті құрылымдары үшін катер және кемелер жасау бойынша басты орындаушы болып тағайындалды.
Бүгінгі күнде Орал «Зенит» зауыты тек Батыс Қазақстан облысы мен республикада ғана емес, одан тысқары жақта, оның ішінде алыс шетелде де танымал болып отыр. Кеме жасаумен айналысып жатқан 23 жылдың ішінде зауыт кеме жасау мен теңіз техникасына тікелей қатысы бар, орналасу географиясы Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейінгі бүкіл Еуразияны алып жатқан, тіпті Австралия мен Канаданы қоса алатын көптеген кәсіпорындармен іскерлік серіктестік қатынастар орнатты.
Өндірістің маңызды бағыттарының бірі ASME, API және ГОСТ стандарттары бойынша мұнай-газ саласы үшін жабдықтар жасау, мұнай-газ компаниялары үшін технологиялық жабдықтарды жөндеу және оларға сервистік қызмет көрсету. Осы сала үшін өнім дайындау мен арнайы инженерлы-техникалық қызмет көрсету аясында зауыттың мол тәжірибесі болғандықтан жұмысы да белсенді болып отыр. Өндірілетін өнімдердің ішінде болаттан жасалған көтеруші металл құрылмалар, өндірістік ғимараттарға арналған платформалар мен төсемдер, құбыр тіректері, фланец-фитингті бұйымдар, фланецты нығайтқыштар мен беріктігі жоғары анкерлік болттар, ерекше жабдықтар және т.б. бар. Жабдықтарды жөндеу мен сервистік қызмет көрсету, дәнекерленген қосылыстарды және материалдарды тестілеу бойынша қызмет көрсету тағы бар. Сонымен қатар зауыт ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге арналған жабдықтарды, өндірістік-техникалық мақсаттағы және халық тұтынатын тауарларды шығарып, онымен шектелмей, азаматтық өнімнің тізілімі мен ассортиментін әрі қарай дамытуға ынталы болып отыр.
Зауыт өз мемлекетімен бірге жүреді. Кәсіпорын Тапсырыс берушіге отыз төрт кеме жасау бұйымдарын жасап, тапсырды. Зауыт жұмысшылары бұл керемет көрсеткіштерді жаңа инновациялық бастамалармен және еңбек жетістіктерімен нығайтуға дайын!